Кітапханадағы сурет көрмесі.

Кеше жолым түсіп, белгілі бір себептермен Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға соқтым. Ара-тұра мұнда пікірталастардың, көрмелердің, кештердің өтіп тұратынынан хабардар едім. Сондай көрменің бірі кеше болып жатыр екен. Кездейсоқ барып, куә болдым.
1 (169 Kb, 1600x1200)

2 (220 Kb, 1600x1200)

3 (246 Kb, 1600x1200)

Мұнда «шетелдік қонақтарға» да орын бұйырыпты.
4 (197 Kb, 1200x1600)

5 (189 Kb, 1200x1600)

Ең ішіндегі қатты ұнағаны мына сурет. Теріге бедерленіп салыныпты. Бұл Күлтегіннен бөлек тасқа салынған таңбаларды бейнелейтін тағы да осындай 5-6 сурет ілінген екен. Авторын танитын болып шықтым. Тереңөзектік Жәркен Исмағұлов.
7 (211 Kb, 1600x1200)

6 (344 Kb, 1600x1200)
Мынау да ұнады. Сурет үстіне металдан құйма құйған. Шамасы ол металл қалайы болар деп жобаладым.

Мен кетерде тағы біраз суреттер келіп жатты.
8 (160 Kb, 1600x1200)

9 (193 Kb, 1600x1200)
Барлығы 104 сурет ілініпті. Суреттер ұнады.

Advertisements

Мысық сонда не көрді?

Ол бүгін үйде жалғыз еді. Күндегідей жұмыстан келді де, кешкі тамағын «құтты орнына» жайғастырған соң жарты сағаттай компьютерде отырды. Артынан 1-2 сағат теледидар көргені тағы бар. Шаршағанын енді сезініп жатыр. Көзі ілініп барады екен, оянып кетті. «Қой, мынауым несі? Төсегіме барып жатайын. Үйде жалғыз қалсаң осы ғой…» деп іштей күбірлеп, төсегіне қарай бет алды.
Түннің қай уағы екені белгісіз. Тастай қатып, талып ұйықтап жатыр екен. Баж етіп бақырған мысықтың даусынан шошып оянды.
– Ой, Құдай-ай… Пішшш! – деп зекіді дауыс шыққан жаққа қарап. Шамасы мына мысық тышқан ба, бірдеңе көрді-ау. Мысық қояр емес «мыййуууы!». Тұрып жарықты жақты. Бұрышқа тақалған мысық бөлменің ортасынан көз алмай айбат шегіп тұр. Екі көзі бадырайып, әлденеге тесіле қарайды.
zoolandiya.org (30.06 Kb, 320x315)
«Миииууұұұ!» Дауысы қандай ащы еді? Арқасын күжірейтіп алған. Мысық қараған жаққа бұл да қарады. Көзіне ештеңе шалынбағасын мысықты өзіне шақырды.
– Кіс-кіс-кіс?!
Ол болса орнынан қозғалар емес. Әлі айбат шегіп тұр. Барды да мысықты алып басқа бөлмеге атып ұрды да, есігін жауып қойды.
– Енді дұрыс болды, тынған шығар…
Жарықты сөндіріп, орнына келіп жатты. Басының жастыққа тигені сол еді «мысық адам көрмес нәрселерді, жын-пері, әруақтарды көреді» деген ой санасын соғып өтті.
– Сонда не көрді жаңа… – дегендей болды өзіне-өзі. Ой маза берер емес. Не көруі мүмкін?
Сәлден соң кірпіктері ауырлап, көзі жұмылып барады екен. Бетін бір жылы леп өпкендей болды. Әлдекімнің мұның жанына кеп демін бетіне үрлегендей сезім.
– Не, а?
Сандырақтағандай өз – өзіне сөйлей көзін ашып алды.
– Өй, әтаңә… – деп әлденеге кейістік білдіргендей бір сыбап алды – енді өстеді ғой. Елекзігеннен деп ойлады.
Жастығын ыңғайлап алды да, қайта ұйықтауға тырысты. Кенет, аяғын біреу түрткендей болды. «Мына мысықтың бәлесін-ай» деді ызаланып. Артынша мысықты басқа бөлмеге қамағаны есіне түскенде жүрегі атқақтай соғып, тас төбесіне бір-ақ шықты. Орнынан ұшып тұрғанын өзі де білмей қалды. Не айтарын білмей, сасқанынан:
– Мұнда кім бар? – деді. Дауысында үрей мен шарасыздық бар. Қорқыныш басым.
Қараңғы бөлменің ішінен баяу, суылдаған дыбыс естілді де, артынша еден сықырлады. Тура бөлмеде біреу жүргендей. Есіктің құлып тұрғаны, үйде жалғыз екені өзіне аян. Анық. Бұл жетіп барып жарықты жақты. Шамның сәулесі төгілген бөлме ішінде жалғыз өзі ғана тұр еді. Қосқыштың жанында тұрған айнадан жүзін көрді. Боп-боз боп кеткен, үрейден көзі атыздай болып тұр екен. Енді суылдаған дыбыс есігі ашық тұрған ауызғы бөлмеден шықты да, артынан «ыхы-хы-хы» деп бұған естірте ызалана күлгендей болды.
fc06.deviantart.net (74.3 Kb, 1680x1050)
Расында да, жәй көзге көрінбейтін екі көз бұған өршелене қарап тұр еді…

(суреттер zoolandiya.org fc06.deviantart.net сайттарынан алынды)

Жат планеталықтар тыныштық бермейді.

Шошып ояндым. Дұрысы оянып кеттім. Білмеймін, әйтеуір сондай сияқты бірдеңе. Шошындым дейін десем, айқайлап оянғам жоқ. Бірақ, жәй оянуға ұқсамайды. Шым-шытырық түс көрдім. Жәй түс емес, фантастикалық. Түске не болса сол кіре береді екен ғой ия?
niceworld.biz (128.69 Kb, 699x466)
Көргенім жоритын нәрсе емес, жәй ғана лақпа түс. Шамасы қазақ айтатын «түлкінің боғы» осы болар. Сонымен не көрдім?
Айтсам, осыдан 11 жыл бұрын әкем мал бағып отырған қыстауда жүр екенбіз. Ал далада түсініксіз құбылыстар болып жатыр. Бойы 2 метрден аса, дене тұрқы арық, түрі «#9-ыншы аудан» фильміндегі қоңызға ұқсайды,
(148.06 Kb, 1280x688)
бірақ сәл өзгешелеу бөгде планеталық келімсек (адам дей алмадым) әкеммен сөйлесуге кепті. Екеуі күбір-күбір сыртта тұр. Білуімше жат планеталықтың бұйымтайы әкемнен қазір айдап жүрген Камазын сұрай келіпті. Менің назарым екеуінде емес. Назарым аспанда күн жақтан көрінген спутник тәріздес жалтырақ объектіде және олар бірнешеу. Бірінен соң бірі жерге қарай түсіп келеді. Тығылып суретке түсіріп алмақшы ем, келген «қонақ» қайта-қайта біліп қоя беріп, жүзеге асырмады…
Бір қарасам кеш батып барады екен. Әкемдер үйде, сол баяғы ақ-қара түсті, «акімлатрге» қосылатын теледидарды көріп отыр. Мен есік алдында тұрмын. Кенет, маған беймәлім жағдай болды да, көкжиектен, одан бері жерлерден от көрінді. Қыстауда ерте көктемде егістіктің қамысын өртегенде дәл осылай көрінетін. Тіпті кейбіреулері үйге жақын.

www.bnews.kz (82.5 Kb, 380x273)
Айғайлап үйдегілерді шығардым. Сөйттім де өзім жәй жанып жатқан (шамасы жаңа тұтанған болу керек) отты таптап жатырмын. Сонда аяғымда «сыланси», үстімде ішкиім (түсіме ұйықтап жатқан «формаммен» кетіп қалғам ғой)))). Аспанға қарадым. Түн болғандықтан қап-қараңғы және тұтасқан қара бұлт. Үйдің батыс жақ бетінде ұшақ сияқты бірдеңелер ұшып жүр. Ойымша бұлар «қонақтар». Сәлден соң ескі сарайдың артынан, арықтың арғы бетіндегі жолдан әскери техникалар өте бастады. Таңданып қарап тұрмын. «Бітті. Жан планеталықтар шабуылдапты» деп ойладым («Марс шабуылдауда» деген фильм бар ғой). Тіпті соғысты біздің қыстаудан бастағанына күйініп, сыбап та алдым. Аз уақыт өтті. Үй үстінен қатарлай тізілген ұшақтар мен тікұшақтар колонасы ұшып барады (күндіз үйдің төбесінен жалғыз тікұшақ ұшып өткен). Су жаңа техникалар. Алдында бітімі бөлек қара нысан. Шамасы алдына салып айдап бара жатырған сияқты. Ондай нәрселерді өңімде көрмегендіктен аңтарылып, анықтап қарап тұрмын. Тіпті біреуі «қонақтардың» әсер етуінен бе екен, басқаруға көнбей құлдилап құлап келіп, қамысты жапыра-мапыра қайтадан көкке көтерілді. Мен сыртылдатып суретке түсірудемін. Әне, танк колонасы да кері қарай, ұшақтардың бағытымен оңтүстікке бет алды. Үйге кірдім. Сыртқы есіктен сығалап тұрмын. Енді дәл есік алдынан жеңіл көліктер мен жүк көліктері сырғуда. Көз ілеспес жылдамдықпен. Қарап та үлгірмейсің. Бәрінің бағыты аспанның оңтүстік жақ көкжиегіндегі жап-жарық жер сияқты. Тіпті бұлттар да соған қарай «жолға шыққан». Қызық, онда не боп жатыр екен? Солай сығалап тұрғанымда біреу кіріп келді. Маған қараған да жоқ. Тура осы адамның миын біреу басқарып отырғандай. Жұмысы әкемде екен. Камазын мына кетіп жатқан көліктер сияқты соғысқа өткізу керек. Бастығына айтып жалға алатын болыпты. Әлгі адамның артынан біздің ауылдың бір баласы кірді:
– Шаршадың ба?-дедім.
– Ия,-деді ол мұрнын тыржитып. Көлік тізетін есепші болуы керек.
Әкем көлігін беріп жіберді.
«Еріктілердің қатарында соғыссам ба екен, не істесем екен?» деп ойлап жатқаным сол еді, оянып кеттім.
Шығыс жақ көкжиек шырайланып бейбіт күннің таңы атып келеді. Тура баяғы жайлаудағыдай апам ұйқыдан оятып шөпке жіберетін алаң-елең шақ…

(суреттер niceworld.biz, videonasha.ru, http://www.bnews.kz сайттарынан алынды)

Жұбату

Көздеріңде көрінеді әлі мұң,
Неден құрбым осыншама налыдың?
Тағдыр мені мұңайтты деп қайғырмай,
Тәуба деші, сабыр сақта жарығым.

Түсініксіз мына өмірдің мәнінің,
Сырын ұғып білді дейсің әлі кім.
Уайымсыз көрінгенмен сыртынша,
Көңілі гәш бұл пенденің бәрінің.

Жалғыз өзім бақытсызбын демегін,
Дей де көрме жоқ ешкімге керегім.
Өмір қызық, көп қой әлі берері,
Сенші досым, мен де осыған сенемін!

Авторы: Люся Тұрғанбекқызы Духтарова

Атақ.

Алтын – жақұттан айнытқан мыңын,
Жапанда ол бір жатқан қай мекен.
Адамның бәрі байлықтан бұрын,
«Атақты» деген атты аңсайды екен.

Жерітіп үні лақап күлкінің,
Жүректе ызғар, көңілде қырау.
Құйрығын қуып атақ – түлкінің,
Талайлар жүр-ау, өмірде мынау.

Пір тұтқан заман үркек көкекті,
Атақпен солай болды ма ел асқақ.
Амалы құрып шіркеуді өртепті,
Атағы үшін сорлы Герострат.

Бермеске басқа ақыл қырағы,
Естері кетіп елді жағалар.
Атақты әйелді қатын қылады,
Атағы үшін кейбір ағалар.

Білдіріп жұртқа күлкінің парқын,
Қытықтап бәрін атырап қырдан.
Атағы үшін Никулин марқұм,
Өз – өзін талай ақымақ қылған.

Түйсігім – қалқан, ақыл – қорғаным,
Сөз қорымында мүрдемін бөтен.
Менің де мынау ақын болғаным,
Атақты қуып жүргенім бе екен?

Сынымды болжап, мінімді жорып,
Есіркеп қарап, еріне жүдеу.
Шапаны жылтыр түрімді көріп,
«Атақты» дейді мені де біреу.

Серігім болар бер қаруымды,
Тойдырмай дұрыс бетінен ұдай.
«Айтулы» қыл да бейбақ ұлыңды,
«Атақты» қылма өтінем, Құдай!

Авторы: Ринат Зайытов

Ринат Зайытовтың бұл өлеңін студент кезімде бір жерден «түртіп» алыппын. Аз-маз мәлімет, ақын бұл өлеңмен 2003 жылы Баянауылда өткен ақындар мүшәйрасында ІІ орынды жеңіп алған екен.

«Тастап кетті…»

Қазақта «жүр берсең, көре бересің» деген сөз бар. Оны айтуымның себебі мынада. Мәселен, сіз бұрын соңды жол үстінде қызық оқиғаларға жолықтыңыз ба? Бөлісер болсам менде мынадай оқиға болды.
Барын берер берекелі қоңыр күздің Қазан айы болатын. Қаладан кешке қарай ымырт үйіріле әкем екеуміз жолға шықтық.
www.daily-autonews.com
Бағытымыз: ауыл, мақсатымыз: кішкене қарындасымның туған күні. Жол бойы оны-мұны әңгімелеп, сүт пісірім уақытта жетіп бардық. Ауылдағы ата-әжемнің үйі ауылдың бергі шет жағында, «Жиделі арық» деп аталатын арықтың жағасында. Даңғыл жолдан сол арықты жағалай үйге бару үшін бұрылу керек еді. Бар қызық сонда басталды.
Күз болғасын суы тартылып, табаны құрғаған арық ішінен пальтосының алдын ашық қойған, жалаңбас әйел атып шыққаны. Әлгіміз қолын сілтеп тоқтату ишарасын білдіріп тұр. Ал, арықтан былай қарай ел жоғы белгілі. Бұл не қылған жан? Әкемнің ойына не келгенін қайдам, маған түнде жүретін жын-шайтан дегеннен гөрі зорлық көрсетіп, жолға тастап кеткен деген ой санама «сарт» ете қалды (ашық пальто мен жалаң басына қарап). Жол жиегіне тоқтадық. Жүгіріп жеткен әйел:
– Саламатсыз ба, аға! Анау арты жанып бара жатқан машинаны қуып жетесіз бе? Күйеуім ғой. Мені тастап кетті, – деді ентіге. Қолымен алдыңғы жақты, артқы шамы қызарып бара жатқан машинаны сілтеуде. Әуелі дым ұқпай қалдық.
– Отыр…
Әкем көлік жылдамдығын арттыра түсті. Тезірек «тастап кеткен күйеуді» қуып жетпекпіз.
– Жынды ма, бірдеңе…- деді. Даусында ашу табы бар. Айтуы бойынша былай болған.
Күйеуі көлік жүргізіп келеді. Алдыңғы орындықта досы бар. Екеуі әңгіме соғып келе жатыр. Бұл артқы орындықта бала ұйықтатып отырады. Өзінің мүлгіп келе жатқаны тағы бар. Бір кезде ұйықтап кетеді ғой. Оянса алдындағы екеу «далаға шығуға» шопыр жақ ойға түсіп барады екен. Бұл да сол сәтті пайдаланбақ боп есікті ашады ғой. Әрине үлгеретіне сенген соң.
…»Орындап» отырса, машинасына күйеуі мен досы мінеді де, кете-е-е-еп қалады. Мұның «ә» деуге шамасы келмейді. Сөмке, ақша, телефон бәрі сонда кеткен. )))
Қызарған машинаны қуып жеттік, ол емес. Оның алдындағысына да жеттік. Ол да емес.
– Телефоны бар ма, звандайық та, – дедім.
– Бар ғой. 777…
Нөмірі таныс көрінді. Телефондағы жасыл пернені басып қалғанда есімі атып шықты! Жұлдызбек?
– Сен Жұлдызбектің келіншегісің бе?
– Ия, танисың ба?
– Танымай ше…
Онымен бір уақытта бірге жұмыс істегенмін. Көрші ауылдың жігіті. Ол телефонын көтерді. Бірден әзілге бастым:
– Ассалаумағалейкүм Жәке. Нұрланмын ғой (өзімді есіне түсірер атымды айттым). Не, саған келіншек керек емес пе не?
Ол артқы орындықта әйелім бар деп ойласа керек.
– Не келіншек? Жоқ. Кім бұл? – деп жатыр.
Тұтқаны әйеліне бердім. Сойып салды. Біз жолда күтетінімізді айттық. Көз алдыма елестетіп, күлкіден жарылайын деп отырмын. Әрине бұл кезде ол шамамен ауылына жетіп қалды. Біреу телефонына қоңырау шалады. Алса әйелі. Артына қараса, жаңа ғана келе жатқан әйелі жоқ! Баласы ғана жатыр. Шок болған шығар.
Сәлден кейін жол жиегіне тоқтаған машинадан езуі құлағына жете ыржиған Жұлдызбек түсіп келе жатты. Бар айтқаны:
– Сен де қуасың. «Далаға шығам» деп айтпайсың ба?

(сурет http://www.daily-autonews.com сайтынан алынды)

Шашылған палау немесе астың кепиетінен қорықпаймыз ба?

Қазір сағына еске алатын сол бір жылдары біз бастауыш сыныптың балғын оқушылары едік. Бұзықтығымыз да бір басымызға жететін. Қоңырауда алысып-жұлысып, бір-бірімізді қуалап ойнағаннан бөлек тағы бір «өнеріміз» бар еді. Ол – түтік ату. Әрқайсысымызда бір-бір «мылтық» болатын.
Кішкене қағазды ауызға салып жібересің де, езгілеп, шиыршықтап «оқ» жасайсың. Әрине мұндай «атыс өнері» көбіне сабақ үстінде болатын. Бір күні қағаз езгілеуге ерінді ме, әлде жаңадан жаңалық ашқысы келді ме, «батырымыздың» біреуі сіріңкенің қорабына күріш дәнін салып әкеліпті. Бұл «табылған ақыл» бәрімізге ұнағанын мойындаймын. Өйткені дайын оқ дәрменімізді арттыра түскендей. Қуықтай ғана класстың ішінде жүріп жататын мұндай «майдан» мұғалімге мәлім болмай тұра ма? Рас, алдында талай түтік апайымыздың қолында кеткен. Ұрысатын. Ал, бұл жолғы жазалау біз үшін өте ауыр болды.
– Сендер нағыз еңбектің, маңдай тердің не екенін білмейсіңдер! Себебі сендерді саясына алып, бағып-қағып отырған ата-аналарың бар. Білесіңдер, біздің жақ күріш өндіреді. Ал сол күрішті өсіретін кімдер? Күннің астында жүріп күтіп баптайтын кімдер? Ата-анамыз. Сендер сонда өз әке-шешелеріңнің маңдай терін шашып жүрсіңдер ме? – деп ұрысты апайымыз. Біз қателігімізді түсініп, жылағымыз келді. Өкіндік. Не бүлдіргенбіз? О, құдайым! Бәріміз апайымыздың алдында енді дәнді шашпауға уәде етіп, кешірім сұрадық. Одан кейін ес кіргенше талай түтік атылды, бірақ ешкім шашуға дән әкелген емес. Бұл бізге үлкен сабақ болды. «Әр дәнде тамшы тер бар» деген сөзді жүрекке түйіп өстік.
Өткенде көшеде келе жатып, көше орындықтарында (бисетка) тұрған мынадай жайға куә болдым.
Курiш (337.41 Kb, 1600x1200)
Палаудың шашылған күріші! Бұл масығу ма, әлде ата-анамыздың маңдай терін далаға төгу ме? Мүмкін мұндайды айтатын мұғалімдер таусылған шығар…? Астың кепиетінен сақтасын!

«Түнгі думан»

Елес
Қызылорда да, қалаға жақын орналасқан Қаракөл деген кішігірім ауыл бар. Негізі қабырғасы мал шаруашылығына ыңғайланған ауыл боп құрылғанмен ауыл тарихы әріде жатыр. Сол ауылдағы қазіргі мектеп тұрған жердің жанында бұрын ұстахана, кейін дүкен, тағы бірдеңелер болған кішкене ескі үй болған екен. Әлгі үйдің «сиқыры» түнде басталатын көрінеді. Айтушылардың сөзіне қарағанда көп болса да, аз болса да адамдарға тиіспейді. Тек жалғыз-жарым жатсаң түн ортасында баян ұстап, ән айтқан көңілді топ улап-шулап бөлмеңе кіріп келеді екен. Кәріқұлақ қарияның бірінен сол үйде жалғыз басты Қоян деген кісінің тұрғанындығын естідім. «Әй, Қоян, олардан қорықпайсың ба?» деген сұраққа, анау кісі: «Несіне қорқам? Үйреніп кеткем оларға. Келеді де, әндерін айтып-айтып жөнімен кетеді» деп жауап беріпті. Қазір ол үй бұзылып кеткен.
Тағы бір әңгіме. Сол ауыл жақта (әріректе, ай) ескі психоневрологиялық аурухананың бұзылып, быт-шыты шыққан, қаңыраған ғимараты тұр. Көліктерімен соның жанынан өз жұмыстарымен өтіп бара жатқан жігіттер, көзге қорқыныш ұялата үңірейіп тұрған терезеден біреудің қарап тұрғанын көреді. Көргенде, бұлар жалт қарағанда ол басын тартып алған. Ішінде біреу жүр деп ойлаған екеуі мәтәсекілін далаға қойып ғимаратты аралап шығады, ешкім жоқ.

Келесі естіген әңгімем мынадай. Бұрынырақта Қазалыда ескі вокзал болған екен. Ол әуел баста ақтар мен қызылдар заманында әскери госпиталь болып тұрғызылған. Бұл ғимараттың «тылсым тұрғындары» да адамға зиянын тигізбеген. Ара-тұра көзге жаралы солдаттардың көрініп, ыңыранған дауыстар мен «шагаеттаған» етіктердің тарсылы естілгені болмаса. Ол ғимаратта кейін қажеттілікке байланысты бұзылған.
Ал, сіз, елеске сенесіз бе?
(сурет http://www.liveinternet.ru сайтынан алынды)

Сығандар Шәмшіні пір тұтады.

Кеше кешкісін теледидарды қарағандар болса, «Қазақтың 100 әнінде» Шәмшінің «Сыған серенадасы» әніне байланысты аз-кем мағлұмат беріп кетті. Артынша бұл тамаша әнді әнші Тоқтар Серік орындады. Ән тыңдар құлағы бар адамның бұл әнді өзінің таңдаулы әндері қатарына қосатынын сеніммен айта аламын. Ән туралы ақпараттарыңызды толықтыру мақсатында осы жазбаны іле кетуді жөн көрдім. Алдында ойланып жүргенмін, кешегі бағдарламадан соң енді «темірім қызған» секілді. Сонымен…
***
Бұл жуырда болған еді…
Келсек, фермада тірі жан жоқ. Сығандар келуі қалай тез болса, кетуі де солай ғайып болған. Ең болмаса жөн біледі деген Кустурницаның қоштаспай, еңбек ақысын алмай кеткеніне таңданып тұрмын. Бізге өкпелейтіндей себептері жоқ. Барлық жағдайын жасадық. Менің ойымды оқып тұрған Қабыл:
– Жоқ, көке, олар кеткен жоқ. Жүріңіз егістің арғы бетіне барайық, – деді.
Екеуміз атымызды желдіре жүріп келеміз. Бір кезде Қабыл маған сөнген оттың қоламтасын көрсетті.
– Олар осы жерге бір түнеген, – деді Қабыл. – Олар қазір анау тал ішіндегі бұлақ басында.
Шынымен, шамалы жүргеннен кейін тал арасынан жағылған оттың жарығын көрдік. Жақындап келгенде, құлағымызға жағымды ән шалынды. Лаулатып жағылған отты жағалай жайғасқан сығандар Шәмшінің әдемі сазына сығанның діріл аралас сарыны қосылғанда, жүрегіңді еріксіз шымырлатып, қанмен бойға тарап бара жатқандай әсер аласың.
Тулаған қаны бар,
Тұлпар да табылар,
Үміт болса.
Күн туса басыңа,
Мойыма, жасыма,
Жігіт болсаң!
Ән таза қазақ тілінде айтылып жатыр. Мынаны естігенде, қалпағыммен қоса аттан өзім де құлап түсе жаздадым.
– Бұл Дундо мен Земфираның дауысы, – деді Қабыл баяу үн қатып. – Екеуі қосылып айтып жатыр.
Ән түнгі тылсым даланы тебіренте кернеп барады. Әннің қайырмасына келгенде, сығандар түгел қосылып кетті. Арасында шырылдаған балалардың нәзік дауыстары да бар.
Толқысын, шартарап,
Толқышы, тебіренші, о, гитара!
Оу, жан серігім, төгілсін күй тарап,
Жаның тарықпасын!
Ән шарықтасын!
Қайран басың,
Ғаріп басың,
Көзіңді жұмбай қамықпасын!..
Шәмшінің әуезді, мұңды әніне сығанның тек өздерінің көмейінен шығатын қоңыр әуені қосылғанда жүрегіңді жылытып, терең мұңға батырғандай.
Тал арасынан шыға келген бізді Кустурница құшақ жая күліп, қарсы алды.
– Бір жерде табан тіреп отыра беруге ешбір сығанның шыдамы жетпейді, – деді ол қулана көзін қысып қойып. – Жастар зеріккен соң, егіс алқабын айнала көшіп жүрміз. Ертең анау аңғарға барып қонамыз. Фермаға күз түсе ораламыз.
Бір жерде бір ай жатқан сығанның қаны ұйып, қол-аяғы сал болып қалады.
– Қазақ әнін, Шәмшінің әнін қайдан үйреніп жүрсіңдер? Әрі таза қазақ тілінде шырқап отсыңдар, – дедім мен бойымды қызығушылық билеп. – Әлде оны танисыңдар ма?
– Ого-гоо, – деп күлді қарт сыған. – Шәмшінің өзін біз танымаймыз. Бірақ өзіміздің қара көз ару қызымызға арнап, жаныңды қозғайтын құдіретті ән жазған Шәмшіні біз ғана емес, біз бiлетiн барлық сығандар қауымы пір тұтады. Алғашында біз оны сыған екен деп қалғанбыз. Мұндай әнді сығанның жан дүниесін түсінетін адам ғана шығара алады. Сөзімен айтқанда, тіпті қатып кетеді. Ән сөзін бізге мына Кагул балам үйретті. Қашан таза қазақша айтқанша, тілімізді бұрады. Енді, міне, сіздің өзіңіз таңданып тұрсыз.
Сығандардың кешкі кофесін бірге ішіп отырғанымызда Кустурица әңгімесін жалғастырды.
– Бұл әннің әуенін сонау Бессарабиядағы сыған туыстар да біледі, – деді қарт мақтанғандай.
– Ән сөзін оларға да жазып жібердім. Ендігі Молдова даласында да ән қазақша шырқалып жатқан шығар. Бірақ олардың сөзді бүлдіріп айтатынын білемін. Өйткені, Молдовада бірде-бір қазақ кездестірген емеспін. Аман-есен елге жететін болсам, ол «шала қазақ» сығандардың қатесін түзетіп, сөзін қайта үйретемін.
Осы жерде менің тебіреніп кеткенім сонша, қалың түктен көзі мен мұрны ғана көрініп тұрған қарттың бетінен сүйгім келіп кетті. «Қайран, Шәмші! Жалпақ жатқан Бессарабия жеріне дейін дауысың жеткен қайран Шәмші аға, аруағың бүгін бір аунап түскен шығар. Ән қадірін білетін жат адамдарды да табындырған ән алыбы Шәмші аға, сен мәңгі жасайсың ғой» деп ойладым.
Осыны айтқан Жұмекең кәдімгідей демі дірілдеп, отырып қалды.
– Айтыңызшы, содан соң не болды. Сығандар, балаңыз Қабыл қайда қазір? – деп жігіттер жамыраса сұрастырып жатыр.
– Екі жыл жұмыс істеген сығандар Молдовасына кетті. Кустурицадан екі-үш хат алдым. Шынында, ондағы сығандар ән сөзін бүлдіріп айтып жүр екен. Өзі уәде еткендей, Кустурица олардың қатесін түзетіпті. «Сығандардың тойы Шәмшінің әнімен басталып, сол әнмен аяқталады. «Сыған серенадасы» сығандардың ортақ гимніне айналды», – деп жазды Кустурица.
Ал, балам Қабыл ел-жұрт болып бата беріп, рұқсат етсек те, туыстарына ермей қалып қойды. Ол Дундоның қызы Земфираға үйленген. Қаладан шағын кәсіпорын ашып алған. Анда-санда балаларын ертіп, қонаққа келіп кетеді. Біз де барып тұрамыз. Оның бұйра бас кішкентай сығандары «әке-көкелеп» келіп, мойныма асылғанда бір жасап қаламын. Мұндайды көргендерің бар ма, сірә?!
А. Ержан
«Сыр бойы» газеті #187 (16958) 13 қыркүйек 2006 жыл.

Қазақ халқының ырым-тыйымдары.

Ырым деген біздің Ұлы Қазақ халқының (әрине басқаларда да бар) ғасырлар бойы жинаған тәжірибесінің нәтижесінде жасалған дүние. Оның басты күші сенімде жатыр. Кейбіреулер дінге сілтеме жасап: «анау-мынау, ол дұрыс емес шығар» деп пікірлер жазуы мүмкін. Менің айтарым, ата-бабамыз қандай да бiр іс қылардың алдында ақымақ болып, асығыстыққа бармаса керек. Ырымды ұстап жүріп-ақ аузынан Алласын тастамаған.
Жауапкершіліктен қашқаным емес, бірақ, ұрпақ тәрбиесі мен халық санасының өркендеуі көбіне көп аяулы әйелдерге байланысты болып келеді. Сол себепті де қыздарға арнап, қолыма тиген «Қыз-келіншекке 40 кеңес» кітапшасынан бірқатар ырым-тыйымдардан үзінді ұсынамын (ықшамдап алынды)
***
«Екі қабат әйел керулі немесе шұбатылып жатқан арқаннан аттамайды. Бұлай істесе, босанған кезде баланың кіндігі мойнына оралып, өміріне қауіп төнеді деп ырым еткен.
***
Жүкті келіншек «ұл табамын» десе, еркектің қару-жарағын, шалбарын басына жастанып жатады. Ал қыз тапқысы келсе – қызыл ала шыт, әйелдің көйлегі, жүзік, сырға, алқа, білезік, моншақ жастанады.
***
Жас келіншек еліріп, ерігіп, желігіп, желпілдеп жүрмеуі керек. Бұлай істесе баласы да желіккіш болады. Толғағы ауыр болады, өзі де құтырып кетуі ықтимал деп жорылады.
***
Қазақтың келіні қайын атасы мен енесінің төсегіне отырмайды. Бұлай істеу әдепсіздік, арадағы сыйластық бұзылады, құрметтен айырылады, келіннің етегі ашылады деп қатал тәртіппен тыйым салып, жаман ырымға жатқызады.
***
Қазақ келіншектері қасын боямайды, жұлып, теріп, тақырламайды. Олай істесе – дұшпаны көбейеді, жауы басына шығып, басынады деп жориды.
***
Қазақ әйелдері әдейілеп өзінің басына салып жүрген арнаулы жаулығын басқаларға бермейді. Олай етсе басындағы бақ басқаға көшеді деп ырымдайды.
***
Әйел биязы, сыпайы, жібектей есіліп тұруы керек. Үй ішінің мүлкін, ыдыс-аяқты сылдыратпауы керек. Адам тамақ ішетін ыдысты «ит аяқ» деп атамайды. Бұлай атаса – ыдыстың ырысы қашады. Адамның дәм-тұзы төгіледі.
***
Әйел ешуақытта еріне қол жұмсамауы керек. Күш көрсетіп, таяқпен сабамайды немесе таяқ ала жүгіріп, сес көрсетпеуі тиіс. Ұрысқанда тілдеп, бетіне түкірмейді. Бұлай істеген әйелдің ақ некесі бұзылады, өзінен-өзі талақ болады деп есептейді.
***
Түнде жатқан төсекті таңертең бірден жинау керек. Жиналмай қалған көрпе-жастықтың ішіне сайтан кіріп алады да, адамға жамандық тілейді. Жиналмаған төсек-орын жаугершілікті еске түсіреді. Төсектің жиналмауы – әйелге сын. «Салпы етек, салақ әйел» деген сөзге қалады. Сөзге іліккен әйелдің үйінен құт кетеді.
***
Қазақта әйел еркектің алдында төсін ашып, жарқыратып отырмайды. Олай істесе, сұқ көз қадалады, көз тиеді. Соның салдарынан төсі қараяды, омырауы ісінеді. Тас емшек болып, сүті қашады. Сүт болмаған соң, құт та болмайды, құшағы суық, бауыры тас болады деп жориды.
***
Жерік болған келіншек жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туылады, ондай бала суайт болады деп ырымдалады.
***
Тойы жасалып, үйінен ұзатылып шығарылған қыз кетіп бара жатқанда артына бұрылып қарамайды. Бұлай істесе – некесі бұзылады, күйеуімен отаспай, төркініне қайтып келеді деп жорылады.
***
Баласы шымыр болсын деп екіқабат әйелге сағыз шайнатады»
Алда жігіттерге де арнап осы тақырыпта жазба жазармын.
ПЫ.СЫ. Қате кетіп жатса, кәсіби журналист емес екенімді ескеріп қоярсыздар. )))