ДОСҚА

Сен кешір мені… Кешіре алмасаң өзің біл,
Басымды иіп, кінәмді білген сөзім бұл.
Салмақтамастан ауыр сөз айтып жібердім,
Бір ұят менің тұла бойымды кезіп жүр.

Жүрміз біз қатар достықтың жүгін арқалап,
Тұрам ба шыдап құласаң кенет шалқалап?..
Мен сақтандырам “тайып кетпесе екен” деп,
Жолыңнан сенің кездеспесе деп жарқабақ.

Шақырса сені бір биіктен соң бір биік,
Көрінбей көзге қалады, бәлкім, ылди-ық.
Бүгін ренжісу, ертең табысу – өмір сол,
Өмірдің сыры біз ойлағаннан тұңғиық.

Сен кешір мені… Кінә бар бірақ сенде де,
Экспонат боп тұрған жоқпыз ғой көрмеде.
Қолыңды ұсын да, арқадан қағып жүре бер,
Бір түйін бекіп қалмаса болды кеудеге.

Есей Жеңісұлы

Ана тілі

Анамның сүтiмен дарыған,
Мәңгi өшпес алаулы жарық ән.
Мысқалдап сан ғасыр жинаған,
Ана тiл – қазынам.

Бүгінге батырдың сертін бер,
Тілің де – домбыраң, шертіңдер.
Өз тілін ұмытқан ұл-қыздар -
Тамырсыз жетімдер.

Қамытын кигендей қасқалдақ,
Жаурады жанарың жас парлап.
Туғандар бақытты екен-ау,
Тұрғанда атағың аспандап.

Жаныңның жарқылы солғанша,
Нар бабаң таңдаған жолды аңса.
Жер жетім қалса екен, жер жетім,
Сен жетім болғанша.

Арманым әуелеп айға ұшқан,
Қанатты қайырды қай мыстан!?
Аумай бір қалдың-ау, қайтейін,
Бейкүнә байғұстан.

Кірпікке төнсе де қара түн,
Ту тіккен туған жер – дала тұр.
Баябан жұртымның панасы,
Аман бол, ана тіл, ана тіл!

Думан Бәзiлжан

Дәулет – қолдың кірі.

Кенесарының Сыздығы Шойынбетті сынамақ болып: “Дәулет артық па, бақ артық па, өнер артық па, тіл артық па?” деп сұрапты. Сонда маңғытай Шойынбет би:
Дәулет – қолдың кірі, жусаң кететін,
Бақ – сел-көшкін, уақытпен өлшенген,
Өнер – ризық, несібе таусылмайтын
Тіл – ізгілік мұрат, ұрпаққа қалдыратын, – депті.

“Бақыт құсы”


Қалада туып, асфальтта өскен жеңгем ең бірінші рет автобуста ағаммен бірге ауылға қарай келе жатады. Содан терезеден таңертеңгілік уақыт жол жиегінде жайылып жүрген қырғауылдың қоразын көріпті. Қораз таңғы шапақ сәулемен мың құбылып, әдемі көрінеді. Ұзын құйрықты, қызғылт, бас қауырсындары жасыл, мойнында ақ жолағы бар ертегідегі керемет құс автобустан үркіп, қалың шеңгелдің арасына жалт береді. Бұрын мұндай “керемет құсты” көрмеген жеңгем аң-таң күйі ағамды шынтағымен түртіп:
- Сейтен, мен бақыт құсын көрдім, бақыт құсын көрдім Сейтен,-дей беріпті дейді.
Шамасы жұрт жыр қып айтатын бақыт құсы осындай болса керек-ті деп ойлаған-ау… Ай, жеңешем-ай. :-) )
_
Сурет ihunter.msk.ru сайтынан алынды.

Айтамын жанның басқа әнін,
Дедім де, үміт жоқ енді,
Ыза боп отқа тастадым,
Өзіңе жазған өлеңді.

Қағазды баурап алды да,
Жалын кеп шеттен қармады.
Қалғаны түгел жанды да,
Бес әріп бар тұс жанбады.

Сарғыштау дақ бар бетінде,
Сол үшін өртпен дүрдараз.
Ошақтың қалды шетінде
“Ләйлә” деп құйттай бір қағаз.

Жұлып кеп алдым ойланбай,
Аз болар бұл сәт ой да тым.
Жүректен өшпей қойғандай,
Отқа да жанбай қойды атың.

Жұматай Жақыпбаев

КӨК ШАЙДЫҢ ҚАСИЕТІ ҚАНДАЙ?

Көк шай қатерлі ісік ауруының қаупін азайтады.
* * *
Көк шайдың артрит, яғни буынның шор болып қатып қалуы сияқты ауруларға қарсы емдік әсері бар.
* * *
АҚШ-тағы арнайы зерттеу көк шайдың көздің көру қабілетін сақтап, Альцгеймер, Паркинсон дерттеріне қарсы әсерлі ем болатынын растаған.
* * *
Кейбір зерттеулер көк шайдың сүйектің сыну қаупін азайтып, остеопороздың алдын алатынын көрсетті.
* * *
Иель университетінің қан тамыры ауруларының маманы, хирург Сампайо “Көк шай адам клеткасындағы залалды заттарды жояды” деген тұжырымға келген.
* * *
Британияның бірқатар зерттеулері көк шай ішетін жастар мен жасөспірімдердің тіс ауруы азайғанын анықтаған.
* * *
АҚШ-тың биологиялық университетінің ғалымы Джефрей Блумберг “көк шай жүрек-қан тамыры жүйелері мен қатерлі ісік талшықтарына қарсы жақсы әсері бар” деген тұжырым жасаған.
* * *
Көк шайды салқын күндері жиірек ішу ағзаға тұз, артық май жиналудан сақтайды екен.

www.soltustikkaz.kz сайтынан

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.